Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша төлемдер ТЖ режимінде тоқтатылмайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым Вице-министрі Бибігүл Асылова Facebook-тегі өзінің парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, кейбір өңірлерде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша төлемді тоқтату фактілері анықталды. Алайда мұндай іс-әрекеттер төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына қайшы келеді. Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысы бюджеттен тиісті қаражатпен қамтамасыз етілген.

«2020 жылғы 16 наурыздағы №1 хаттамаға сәйкес төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы төтенше жағдай кезінде мектепке дейінгі мекемелерде, оның ішінде жеке меншік ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды», – дейді Вице-министр.

Бибігүл Асылова атап өткендей, мектепке дейінгі мекемелер мемлекет үшін әлеуметтік-маңызды ұйымдар болып табылады және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша төлемді тоқтату туралы шешім Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімін орындамау болып табылады.

Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуді тапсырғаның атап өтті. Өз кезегінде мемлекеттік білім беру тапсырысын үздіксіз орналастыру ШОБ субъектілері болып табылатын Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қолдау болып табылатындығың еске салды.

«Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша төлемді дереу қалпына келтіруді және үздіксіз төлемді қамтамасыз етуді сұрайды. Төлемдерді тоқтату жағдайлары анықталған жағдайда Министрлік тиісті шаралар қабылдайды» – деп жазды Вице-министр.

ҚР БҒМ Баспасөз қызметі

 

 

Поддержка сайта 2018-2021 © www.ernaz.kz